Түркістан облысында 15 жасында күйеуге шыққан қызға байланысты сотқа дейінгі тексеру басталды
Жаңа түскен келін осы жылдың қыркүйек айында 16 жасқа толады
Түркістан облысы Ордабасы аудандық полициясы Қылмыстық кодекстің 122-бабы (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде Azattyq Rýhy тілшісіне облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова мәлімдеді.
Іс қозғауға журналист Гүлмира Әбіқайдың Facebook-парақшасындағы «15 жасар келін» деп аталатын жазбасы себеп болған. Оған күйеуге тиген қыздың көршісі жасөспірімді 33 жастағы азаматтың алып қашқаны туралы хабарлаған.
Алайда, кеше ғана отау құрған екі жастың ата-анасы Полиция департаментіне неке екіжақты келісіммен болғанын, қызды алып қашпағанын жеткізген.
«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 183-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп бола алады. Түркістан облысы Полиция департаменті Ордабасы аудандық полиция басқармасы қызметкерлерімен жүргізген тексеру нәтижесінде 2020 жылдың 24 тамызында Ордабасы ауданында екі жастың некелескенін анықтады. Бұл жағдай Ордабасы аудандық полиция басқармасы, ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енді. Болған оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады. Ата-аналары полиция бөліміне арызданбаған», - деді Салтанат Қаракөзова.
Тұрмысқа шыққан қыздың өзі видео түсіріп, неке екі жақтың қалауымен болғанын айтқан.
«Мен Қарақат Ибатолла, жасым 16-да. Тұрмысқа өз еркіммен, өз қалауыммен шықтым. Ата-анамның ризашылығын алдым. Бұл жігітті бұрыннан танимын. Сол себепті, менің жеке өміріме араласпаңыздар, араласқандарыңызды қаламаймын», - деген ол видео-үндеуінде.
Алайда, Қарақат Ибатолланың осы жылдың қыркүйек айында 16 жасқа толатыны белгілі болды.
Полиция департаментінің мәліметінше, Түркістан облысында жыл басынан бері жасөспірім қыздарды үйлену мақсатында ұрлап қашу жайттары тіркелмеген. Заң бойынша егер алып қашу туралы арыз түссе, Қылмыстық кодекстің 125-бабы (адам ұрлау) бойынша іс қозғалады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан