ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Бірінші қыркүйектен бастап Украинада тұрмыстық газ 45% қымбаттайды

Жергілікті тұрғындар газды несиеге немесе алдын ала төлем жасап сатып ала алады

Фото: ашық дерек көзінен

Бірінші қыркүйектен бастап Украинада тұрмыста тұтынатын газ 45 пайызға қымбаттайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар бағаның өсуіне жаз мезгілінің аяқталуы және жылыту маусымының жақындауы себеп дегенді алға тартады. Дегенмен, көгілдір отынның бір текше метрі – 17 цент, жаңа жылыту маусымында Украина тұрғындарын осындай газ бағасы күтіп тұр. Бұл отынның бүгінгі құнынан 1,5 есеге артық. Газ бағасының 45 пайызға артуы трейдер, яғни газ тасымалдаушы мен тұтынушы арасында келісімшарт жасаған тұрғындарға тікелей қатысты болып тұр. Ал жылдық келісімшарт бойынша газ сатып алатындар үшін тұрмыста қолданылатын отынның текше метрі 10 пайызға ғана артып, 19 центке көтерілмек. Сондықтан сала мамандары тұрғындар үшін газды алдын ала сатып алғаны тиімді деп пайымдайды.

«Жылыту маусымында тұтыну үшін газды қазір сатып алуға болады. Отынды алдын ала сатып алғандар үшін баға қымбатқа түспейді. Өйткені, газ бағасы құбылмалы, сондықтан отынды көп мөлшерде тұтынатындар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Газды бір емес, бірнеше компания ұсынады, сондықтан тұтынушының таңдау құқығы бар. Электр мен газды бірге сатып алуға, сондай-ақ газ бағасын бөліп төлеуге де болады»,- деді халықаралық консалтингтік компанияның директоры Геннадий Кобаль.

Украинаға мұнай және мұнай өнімдерінің 80 пайызы шет елден тасымалданады. Сондықтан мұндағы газ бағасы өте құбылмалы келеді және көбінесе көгілдір отынның құны Еуропа елдерімен бірдей. Алайда, Украина тұрғындары өткен жылдағыдай қысымыз жылы болады деп үміттеніп отыр. Күн райы аязды болмаса, тұрғындар да, мемлекет те отынды әлде қайда аз тұтынатыны мәлім.