Тоқаев Грузия президентіне көңіл айтты
Грузияда жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 17 адам көз жұмды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Шатили таулы мекені маңайында болған жол-көлік апаты салдарынан көптеген адамдардың қаза болып, зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдап, көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Осындай ауыр сәтте орны толмас қайғыға ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан достас Грузия халқына, жақындарынан айрылған отбасыларға көңіл айтамын. Қасіретті оқиғада зардап шеккендердің тез арада сауығуына тілектеспін», – делінген жеделхатта.
Грузияда жолаушылар отырған микроавтобус 80 метр биіктіктегі жардан құлап, 17 адам көз жұмды. Тағы үш адам зардап шегіп, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Жалпы, зардап шеккендердің нақты саны анықталмаған, бірнеше жолаушы әлі іздестіріліп жатыр.
Грузия премьер-министрінің шешімімен, 25 тамыз елде жол апатынан мерт болғандарды еске алу үшін азалы күн болып жарияланды.