Азия чемпионының өліміне полицияның еш қатысы жоқ – департамент
9 тамызға қараған түні Атырау облысында болған төбелестен спортшы, грепплингтен Азия чемпионы қаза тапты
Әлеуметтік желіде 18 жастағы грэпплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовты өлтірді деген күдіктінің Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкері екені туралы ақпарат пайда болды. Ал кісі өлімімен аяқталған төбелестен кейін қала маңындағы Дамбы ауылының тұрғындары облыс әкіміне ашық хат жолдаған. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
«Біз полицияға жастар арасында жанжал, төбелестің жиілеп кеткені туралы бірнеше рет хабарладық. Бірақ қазіргі қайғылы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмағанын көріп отырмыз. Өзіміздің және балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз», - делінген хатта.
Хатта сонымен қатар, кісі өліміне байланысты су полициясы қызметкерлерінің ұсталғаны және Сиғуатовқа оқ атылған тапаншаның полиция өкіліне тиесілі екені, өйткені күдікті оның туысы екені айтылған. Алайда, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың бәрін жоққа шығарды.
«9 тамызда қала маңындағы Дамбы ауылында болған кісі өліміне Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің еш қатысы жоқ. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жария етілмейді», - деп жауап берді.
Қазіргі уақытта 26 жастағы күдікті тергеу изоляторына қамалған.