Талғарда тапа-тал түсте ерлі-зайыптылар дүкенді тонап кетті
Отағасы бұған дейін де осыған ұқсас қылмысы үшін сотталған
Талғар ауданының полицейлері тапа-тал түсте дүкен тонаған ерлі-зайыптыларды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 12 тамыз күні аудан орталығы Талғар қаласында болған. Азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар алдын ала сөз байланысу арқылы үйлеріне жақын маңдағы дүкеннен азық-түлік алып, дүкен сатушыларын қорқыту арқылы төлеместен, оқиға орнынан із суытқан. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер күдікті екеуді дереу ұстады.
«Азаматтық некеде тұрып жатқан екі азаматтың өзара келісуімен қылмыстың болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 32 жастағы күдікті аудандық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – деді Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы Ерлан Қасым.
Тергеу барысында күдікті азаматтың бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Ол дүкен сатушыларына бұрын сотты болғанын және ештеңеден тайынбайтынын айтып қорқытқан.