СҚО-да пара алды деген күдікке ілінген полицей қызметінен шығарылды
Оның тікелей басшысы да қызметінен кетті

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында 150 мың теңге көлемінде пара алды деп күдікке іліккен ауыл полицейі қызметінен шығарылды. Оның тікелей басшысы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ, полиция бөлімі мен облыстық аппараттың 11 басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
11 тамыз күні полиция аға лейтенанты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмағаны үшін облыс орталығының тұрғынынан 150 000 теңге көлемінде ақша алып жатқан кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. СҚО ПД Тәртіптік комиссиясының шешімімен теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылып, шенінен айырылды.
«Карантин кезеңінде өзге әріптестері міндетін адал атқарып жүргенде, жас офицер іс-әрекетімен қызметке кір келтірді. Көптеген адамдар бірнеше ай бойы жұмыссыз отыр және бұл факт халық арасында теріс ой қалыптастырады. Дәл осындай қатаң ұстаным қандай атақ пен лауазым болмасын, кез келген жемқорға қатысты болады және солай бола бермек. Әр қызметкерді бұйрықпен таныстырып, жағдайды жариялап отыру керек», - деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО