Оралда күзетшілер ер адамды аяусыз тепкілеп, екі қолын жұлып алған

Сол күні күзетшілердің өздері де мас болғанын мойындады

Оралда күзетшілер ер адамды аяусыз тепкілеп, екі қолын жұлып алған

Орал қаласында күзет қызметінің бірнеше жұмысшысы ер адамды жабылып соққыға жығып, екі қолын жұлып алған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Алған жарақаттарынан жәбірленуші көз жұмған.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, оқиға желтоқсан айының соңында болған. Інісі жаңажылдық отырысқа демалуға барған екен. Мейрамханада ол өзге клиенттермен ерегісіп, оқиға орнына полиция шақырылған. Тәртіп сақшылары ер адамды наркодиспансерге апарып жатқызып тастапты. Алкогольдік ішімдік ішкен азамат ол жерде де қызметкерлермен сөзге келіпті. Ал олар «Сова» деп аталатын жеке күзет қызметін шақыртқан.

«5 күзетші келген. Бейнебақылау камерасына жазылған кадрлардан олардың менің інімді сөзге келмей аяусыз ұрып тастағанын аңғаруға болады. Олар оны қасақана өлтірді, екі бірдей қолын жұлып алған, мұрнын сындырып, көзін шығарып жіберген, жағы сынған, денесіне қарау мүмкін емес еді, сау жері жоқ», - деді марқұмның қарындасы Бақыт Ахметова.

Қазір аталған іс бойынша сот отырысы басталған. Алайда, сотталушы ретінде 5 адам емес, екеуі ғана жауап беріп жатыр. Қалған үшеуі куәгерге айналып шыға келген. Олардың бәрі оқиға болған күні өздері де арақ ішіп, мас болғандарын айтып отыр.

Телеарнаның хабарлауынша, сотталушылардың бірі Абзал Әділов бұған дейін шымкенттік қызға бір бүйрегін беріп, оның өмірін құтқарып қалған. Ол туралы еліміздегі БАҚ өкілдерінің біразы жазған болатын. Осы жайттан кейін жігіт күзет қызметіне жұмысқа тұрып, отбасын асырап келген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.