Қазақстанда алғаш рет «AI-Quryltai» ЖИ платформасының көмегімен заң жобасы әзірленді
Енді ата-аналар балаларының интернеттегі әрекетіне бақылау жасай алады
Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект платформасының көмегімен заң жобасы әзірленді. AI-Quryltai платформасында дайындалған «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» құжат балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай вице-спикері Динара Зәкиеваның айтуынша, AI-Quryltai платформасы арқылы балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі кешенді түрде талданған. Талдау кезінде азаматтардың өтініштері, ата-аналар, сарапшылар мен қоғам өкілдері көтерген мәселелер, сондай-ақ халықаралық тәжірибе ескерілген.
«AI-Quryltai аясында 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актіні біріктіретін арнайы оқытылған құқықтық модель алғаш рет заң жобасының мәтінін әзірлеу кезінде тікелей қолданылды. Бұл заңнамаға енгізілетін өзгерістердің ауқымын арттырып, толықтыра түсті, сонымен бірге құқықтық қайшылықтарды болдырмауға көмектесті. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді», – деді Динара Закиева Үкімет сағатында.
Вице-спикердің сөзінше, заң жобасында барлық цифрлық платформада «ата-ана бақылауы» функциясын енгізу ұсынылған. Бұл балаларға арналған контентті сүзгіден өткізіп, таңбаланбаған және тексерілмеген қосымшалар мен ойындарға шектеу қояды.
Сондай-ақ платформаларға барлық цифрлық өнімді, соның ішінде қосымшалар мен ойындарды міндетті түрде таңбалау және тексеру талабы енгізілмек. Қауіп не заңбұзушылық анықталған жағдайда мұндай өнімдерді бұғаттау ұсынылған.
«Заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныс депутаттар мен шақырылған заңгерлердің, ақпараттық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы сарапшылардың қатысуымен тексеріліп, қосымша пысықталды», – деді ол.
Қазір заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жіберіліп жатыр. Оны пысықтау Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірлеген.
