«Шелекті неге тепті?»: Ақтаудағы лицей директоры мен тазалықшының дауы неден шықты
Қазір видеоның таралуын құзырлы органдар тексеріп жатыр
Ақтаудағы «Тұлпар» мектеп-лицейінің құрылтайшысы әрі директоры Халиф Челик жұбайының еден жуушының шелегін теуіп жіберген сәті түсірілген резонанс тудырған видеоға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, әлеуметтік желіге жанжалдың тек соңғы сәті жарияланған. Соның салдарынан көпшілік оқиғаның бір жағын ғана көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Мектеп директорының түсіндіруінше, әйелі лицейде түрік тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Жанжал педагогтың еден жуушыдан кабинетті жуып беруін сұрауынан басталған. Алайда қызметкер бұл өтініштен бас тартып, мұғалімге балағат сөздер айтқан.
Әдепсіз сөздерді директордың осы мектепте оқитын 13 жастағы ұлы естіп, анасына жеткізген. Халиф Челиктің айтуынша, жұбайының ашуға берілуіне дәл осы жағдай себеп болған. Содан кейін ол еден жуушының шелегін теуіп жіберген.
Лицей басшысы әйелінің әрекетін ақтамайтынын атап өтті. Бұл әрекеті үшін оған айыппұл салынған. Алайда директор бейнебақылау камераларында дыбыс жазылмағанын, сондықтан жанжалдың неден басталғаны видеоға түспей қалғанын айтты.
Сондай-ақ ол еден жуушының бұған дейін өз отбасында үй қызметшісі болып жұмыс істегенін растады. Сол кезде үйден кейбір заттар жоғалған. Кейін қызметкер оларды қайтарып, мұны қателікпен болған жағдай деп түсіндірген. Осыдан кейін тараптар арасындағы жанжал ушықпай, мәселе жабылған.
Халиф Челиктің пікірінше, видеоны әдейі түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан – еден жуушының таныстары, яғни мектеп қызметкерлері. Оның пайымдауынша, мұндағы мақсат – лицейдің беделіне нұқсан келтіру. Қазір видеоның таралуына қатысты мәселені құзырлы органдар тексеріп жатыр.
Ал оқиғаның екінші тарапы – тазалық қызметкері Гүлбану Бекболатова жанжалдың неден туындағанын баяндап, өзі туралы айтылған айыптауларға жауап берді. Оның пікірін маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Директор әйелін жұмыстан босату туралы шешімді лицей басшылығы өз еркімен қабылдағанын, бұл мәселеде білім басқармасы тарапынан ешқандай қысым болмағанын айтты. Қазіргі уақытта мұғалім де, еден жуушы да мектепте жұмыс істемейді.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Tulpar School жекеменшік лицейіндегі жанжалдың видеосы тарағаннан кейін қоғамда резонанс туындаған еді. Кадрларда оқу орны директорының жұбайы делінген әйелдің еден жуушының жанындағы су толы шелекті аяғымен теуіп құлатқаны бейнеленген.
