Астанадан ұшқан Air Astana ұшағы Шымкентке қона алмады

Салқын тұман мен көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты ұшақ Түркістанға қонуға мәжбүр болған

Астанадан ұшқан Air Astana ұшағы Шымкентке қона алмады
Фото: istockphoto.com

Астана – Шымкент бағытындағы рейстің жолаушылары ұшақ бағытының өзгеруіне байланысты діттеген жеріне автобуспен жеткеніне шағымданды. Әуе кемесі Шымкентке емес, Түркістанға қонған. Air Astana әуе компаниясы маршруттың өзгеруіне ауа райы себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Kazinform-ға сілтеме жасап.

Жолаушылардың айтуынша, ұшақ кеше түн ортасына қарай Шымкентке жетуі керек болған. Алайда рейстің бағыты өзгеріп, әуе кемесі Түркістан әуежайына қонған. Одан әрі жолаушыларды Шымкентке автобуспен жеткізген.

«Бізді Шымкентке автобуспен жіберді. Оның ішінде де суық болды, ал арамызда балалар бар еді. Шымкентке сағат 23:50-де жетуіміз керек болатын, бірақ діттеген жерімізге таңғы бесте ғана келдік», – дейді жолаушылардың бірі.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі рейс бағытының өзгеруіне ауа райы жағдайы себеп болғанын мәлімдеді. Компанияның түсіндіруінше, Шымкент әуежайында қонуға қажетті көріну деңгейі болмаған. Мұндай жағдайда әуе кемесін қондыру жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

«Астана – Шымкент бағытындағы KC341 рейсін орындайтын әуе кемесі Шымкент әуежайындағы аса салқын тұман мен көріну деңгейінің белгіленген минимумнан төмен болуына байланысты Түркістанға бағытталды. Шымкент – Астана бағытындағы кері KC342 рейсі де Түркістаннан орындалды. Осы рейстің жолаушылары Түркістанға автобуспен жеткізілді», – деп мәлімдеді әуе компаниясынан.