Ресей мен Украина азаматтары қазақстандықтардың 106 млрд теңгесін сыпырып алып, қашып кеткен (ВИДЕО)

Оларды ҚМА іздеп жатыр 

Ресей мен Украина азаматтары қазақстандықтардың 106 млрд теңгесін сыпырып алып, қашып кеткен (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматшасы Марина Ильина қазақстандықтарға арналған заңсыз Pinco және Pin-Up онлайн казиноларды ұйымдастырған. Қаржылық мониторинг агенттігі олардың суретін шығарып, іздеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресейлік ер адам 1985 жылы 8 ақпанда туған, украиналық әйел 1989 жылы 11 ақпанда дүниеге келген.

«Олар схеманы іске асыру үшін бақылаудағы компаниялардан, төлем ұйымдарынан және банк құралдарынан тұратын тармақталған халықаралық инфрақұрылым құрған. «Бонами» ЖШС PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызмет көрсетуге лицензия алған. Компания брендті интернет-казиноның жұмысын бүркемелеу үшін пайдаланған. Ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін бірнеше төлем ұйымын сатып алған. Сондай-ақ ұйымдардың жұмысын басқаратын адамдардың орнына құжат жүзінде ғана басшы болып тіркелген тұлғалар пайдаланылған. Қаржы секторы өкілдерінің көмегімен банк терминалдары желісі де іске қосылған», - делінген тергеу дерегінде.

Осылайша олар түрлі банк пен қаржы ұйымдарында ашылған 24 төлем терминалынан тұратын желі құрған. Оның 14-інен ақша шығарып отырған. 106 млрд теңге қаржы операциясын жасаған.