Қостанайда 86 жастағы қарияны қатыгездікпен өлтіріп кетті: қалада маньяк жүргені рас па
Полиция маньяк туралы қауесетті жоққа шығарды
Қостанайда 86 жастағы зейнеткерді өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр. Қарияның денесі орындықта пышақ жарақатымен табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қалада маньяк туралы қауесет тарағанымен, полиция екінші адамның шабуылға ұшырағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Кісі өлтіру оқиғасы Қостанай тұрғындарын дүрліктірген. Ер адамның мәйіті көпқабатты үйлердің жанынан табылған. Оқиғаның куәгерлері марқұмның тамағы кесілгенін айтқан.
Қалада маньяк пайда болып, оның құрбандары екеуге жетті деген қауесет тараған. Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Екінші адамға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз. Күдіктіні анықтау және ұстау жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.