Алматы облысында жануарларға арналған панажай иесін өлтіріп кеткен: күдікті ұсталды
Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысында жануарларға арналған «Твардовский дом» панажайының иесі Владимир Тепляковты бір айға жуық уақыт бұрын белгісіз біреу өлтіріп кеткен. Полиция қызметкерлері күдіктінің ізіне түсіп, ақыры қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қайғылы оқиғаға байланысты 7 қазан күні қылмыстық іс қозғалған. Күдікті қазір тергеу изоляторына қамалды.
«Тергеу барысында күдіктінің адам өлтіру қылмысына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, сондай-ақ қылмыстық істі толық, жан-жақты және объективті тексеру үшін оқиғаның барлық мән-жайы анықталады», – делінген Алматы облысы Полиция департаментінің хабарламасында.
Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Айта кетейік, Владимир Тепляковтың қазасы туралы ақпарат қазан айының басында жарияланған. 9 қазан күні оны жерлеу рәсімі өтті. Кейінірек, оған бірнеше рет оқ атылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде жарияланды.