«Көзінен айырылар ма еді»: Астанадағы балабақшада екі бала орындыққа таласып, біреуінің көзі көгеріп қалған

Анасының айтуынша, басқа бүлдіршін баласының бетінен төрт мәрте ұрған

«Көзінен айырылар ма еді»: Астанадағы балабақшада екі бала орындыққа таласып, біреуінің көзі көгеріп қалған
Фото: Анасының желідегі парақшасынан

Астанада «София 3» жекеменшік балабақшада бір бала екінші бүлдіршіннің бетінен бірнеше рет темір орындықпен ұрғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша баласын өзге топтың баласы бетінен шамамен төрт мәрте ұрған.

«Балабақшаға көзіміздің қарашағындай болған баламызды аманаттап қалдырамыз. 15 қазан күні баламды алып кетейін деп барсам, тәрбиеші оның басқа баламен орындыққа таласып, қатты тартып қалғанда өз бетін ұрып алды дейді. Болған жайтты видеодан көргеннен кейін, бір сәт те ойланбастан баламды алып кеттім. Ол – қарапайым пластмасс емес, темір орындық. Құдай оңдап, көзіне тимеген. Әйтпесе, көзінен айырылар ма еді. Бұл уақытта тәрбиеші немесе басқа қызметкер болмаған», – дейді бүлдіршіннің анасы.

Сөзіне сүйенсек, осы жағдайдан кейін баласын бұл балабақшаға екінші қайтып апармаған. Ал қазан айына төлеген ақшасын қайтаруын сұрағанмен, әлі күнге дейін бермепті.

Агенттік тілшісі осы жағдайға байланысты Астана қаласы Полиция департаментінің ресми пікіріне жүгінді.

«Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр», – делінген ПД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.