Семейде жоғалып кеткен бозбала таксиге мініп, Павлодардағы әжесіне кетіп қалған
Полиция департаменті бозбаланың кеше сағат 15:00-де әжесінің үйінен табылғанын хабарлады
Семейде із-түзсіз жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірім бірнеше күннен кейін Павлодардан табылды. Ол ата-анасына ескертпей, таксиге отырып, басқа қалаға кетіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаменті бозбаланың кеше сағат 15:00-де әжесінің үйінен табылғанын хабарлады. Баланың дені сау. Жақында ол өз үйіне оралады. Оның неліктен үйінен кетіп қалғаны әзірге белгісіз.
Айдар Сейталиннің осыған дейін де ешкімге айтпай үйінен кетіп қалып жүргені анықталды. Сол себепті оның ісін кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия қайта қарайды. Мамандар отбасының қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын анықтап, қандай көмек керек екенін белгілейді.
Айта кетейік, осыған дейін Семейде 2011 жылы туған Айдар Сейталиннің 31 қазан күні үйінен шығып кетіп, із-түзсіз кеткені хабарланған.