Ыстанбұлдағы қазақстандық қыздың жұмбақ өлімі: тергеуде жаңа деректер пайда болды
Түркиялық БАҚ марқұмның соңғы сәттері туралы деректерді жариялады
Түркияның Ыстанбұл қаласында қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмахановаға қатысты тергеудің жаңа мәліметтері жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркиялық БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен көрші ғимараттың шатырында отырған. Онымен бірге тұрған құрбысы сол сәтте суретке түсіріп алған. Қазір полиция екі адамды – Айсұлумен бір пәтерде тұрған қыз бен оның сүйіктісін ұстады.
Қайғылы оқиға алдындағы сәттер
Түркияның «Hürriyet» басылымы жазғандай, тергеу барысында Айсұлудың қайтыс болуына аз уақыт қалғанда шатырдың шетінде отырған кезі түсірілген фотосурет анықталған. Суретті марқұммен бірге тұрған Дария Б. түсірген.
hurriyet.com.tr
Дарияның түсіндіруінше, таңғы сағат 08:15 шамасында ол Айсұлудың көрші ғимараттың төбесінде отырғанын көрген. Құрбысына ол жердің қауіпті екенін айтып, шатырдан түсуін өтінген.
Алайда Айсұлу біраз уақыт сонда отыратынын айтып, Дарияға қайта ұйықтай беруін ұсынған. Осыдан кейін қыз пәтерге кіріп кеткен.
Дарияның айтуынша, кейін қатты музыкадан оянған кезде Айсұлудың үйде жоқ екенін байқап, оны іздей бастаған. Біраздан соң дыбыс естіп, көрші ғимарат шатырының бір бөлігі зақымданғанын көрген. Төменге қарағанда, құрбысының жерде қимылсыз жатқанын байқаған.
Қайтыс болар алдында кіммен кездескен?
Тергеу барысында Айсұлудың соңғы сағаттарда қайда болғаны және кімдермен кездескені де анықталып жатыр.
Дарияның айтуынша, 24 қазанда кешкі сағат 20:00 шамасында екеуі бірге үйден шыққан. Ал таңғы сағат беске қарай Айсұлу сүйіктісінің үйіне барған.
hurriyet.com.tr
Басылым мәліметінше, ол 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т. болған. Ер адам полицияға Айсұлудың өзіне таңғы сағат 05:30 шамасында келгенін айтқан. Екеуі біраз уақыт бірге болғаннан кейін, қыз сағат 07:40 шамасында үйіне қайтқан.
Мазхар Т. сонымен қатар Айсұлудың түнгі клубта жұмыс істегенінен хабардар болғанын айтқан.
Полиция екі адамды ұстады
Тергеу аясында прокуратураның шешімімен Дария Б. мен Мазхар Т. ұсталып, полицияға жеткізілген. Қазіргі уақытта олардың іс бойынша нақты процестік мәртебесі және қандай да бір айып тағылған-тағылмағаны туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Тергеу материалдарында Айсұлу мен Дарияның Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте келгені де көрсетілген.
Айсұлу Бекмаханова қалай қаза тапты?
Еске салайық, 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова 25 қазанда Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон орамында көз жұмған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін шатырдың ортасына қарай жүрген кезде астындағы панельдердің бірі опырылып, бойжеткен ғимараттар арасындағы кеңістікке құлаған болуы мүмкін. Ол жер асты қабатының деңгейінде орналасқан.
hurriyet.com.tr
Оқиға орнына полиция мен медицина қызметкерлері жеткен. Дәрігерлер қыздың қайтыс болғанын анықтаған.
Түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға кезінде марқұмның үстіндегі киімі толық болмаған. Оның денесі сараптама жүргізу үшін Сот медицинасы институтына жеткізілген.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын тергеу органдары анықтап жатыр.