Ыстанбұлдағы қазақстандық әйелдің жұмбақ өлімі: марқұмның сүйіктісі мен құрбысы ұсталды
Полиция қыздың шатырдан құлауына не себеп болғанын анықтап жатыр
Түркия полициясы Ыстанбұлда қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты екі адамды ұстады. Олардың бірі – марқұммен бірге тұрған қыз, екіншісі – оның сүйіктісі болуы мүмкін деген азамат, деп хабарлайды Azattyq Rýhy түркиялық DHA агенттігіне сілтеме жасап.
Полиция бөлімшесіне 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. мен 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т. жеткізілген. Әзірге олардың Айсұлудың өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген-ілінбегені белгісіз.
Қайғылы оқиғаға дейін не болды?
Түркиялық журналистер қазақстандық әйел қайтыс болардан аз уақыт бұрын түсірілген фотосуретті жариялады. Кадрда Айсұлу көрші ғимараттың шатырының шетінде отыр. Суретті оның бірге тұрған құрбысы түсіргені анықталған.
Дарьяның полицияға берген жауабына сәйкес, ол таңғы сағат 08:15 шамасында Айсұлуды шатырдан көріп, төменге түсуін өтінген. Алайда қыз бас тартқан. Оның орнына құрбысына ұйықтай беруін айтқан.
Кейін Дарья қатты музыкадан оянып, бөлмеде Айсұлудың жоқ екенін байқаған. Сыртқа қарағанда, көрші ғимараттың шатыры бүлінгенін көрген. Төменге көз салғанда, құрбысының қимылсыз жатқанын байқаған.
Тергеу барысында Айсұлу қайтыс болардан аз уақыт бұрын ықтимал сүйіктісімен кездескені де белгілі болды. Ер адамның айтуынша, қазақстандық қыз оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кеткен.
Қазір полиция Айсұлудың шатырға қандай жағдайда шыққанын және құлар алдында не болғанын анықтап жатыр.
Қазақстандық әйел қалай қаза тапты?
Еске салайық, бұған дейін қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында болғаны туралы ақпарат тарады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған. Сол жерде әлсіз конструкцияны басып, төменге құлап кеткен болуы мүмкін. Қыз оқиға орнында көз жұмған.
Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қайтыс болғанын растады. Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланысқа шығып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Оқиғаға қатысты тергеу министрліктің бақылауында.