Балалар өз бетін өзі балғалайды: әлеуметтік желідегі қауіпті тренд талқыланып жатыр (ВИДЕО)
Психолог бұндай тренд баланың жай-күйіне кері әсер етеді дейді
Әлеуметтік желіде бетін балғамен ұрып жатқан ер балалардың видеосы тарады. Бұл - «bonesmashing» деп аталатын қауіпті тренд, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бет пішінін өзгеркісі келетіндер дәл осы «bonesmashing»-ті жасайтын көрінеді. Бұл трендті түсіргендер адам бетін балғаласа, бет-әлпеті өзгереді деген мессендж таратады. Алайда дәрігерлер бұл әдістің пайдасы дәлелденбегенін, керісінше, денсаулыққа ауыр зиян екенін ескертеді.
Bonesmashing ағылшынның bone, яғни, «сүйек» және smashing, яки «сындыру», «талқандау» деген сөздерінен құралған. Яғни, бұл әрекет адамның бет сүйектеріне әдейі соққы жасап, сырт келбетін өзгертуге тырысатын қауіпті тәжірибе.
Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір жазып, балалардың видеосын сынға алған.
Айта кетейік, қоғам талқысына түскен тренд бұл ғана емес. Бұған дейін жасөспірімдердің арасында квадробика да тез тарады. Мұндай субмәдениет жайлы тіпті мінберде де айтылды. Себебі өзін квадробер санайтындар жануардың маскасын киіп, төрт аяқтап секіріп, мысық құсап пырылдап, ит сияқты үритін. Сол кезде де психологтар да бұндай құбылыстың қауіпті екенін айтқан еді.
«Адам өзін тұлға ретінде сезінуі қажет. Ал жануар кейпіне ауысуды қалап, қимылын қайталау ақылға қонбайды. Сөздің ашығын айтқанда бұл қоғам үшін зиян әрі қауіпті құбылыс. Егер балаңыздан квадробердің белгілерін байқасаңыз, алдымен байыпты түрде сөйлесуді ұсынамын. Себебі ұрыс немесе дөрекі қарым-қатынас жағдайды керісінше ушықтыруы мүмкін. «Ол неге квадробикаға қызықты?» деген сауалға жауап іздеңіз. Баланың ішкі дүниесін түсініп, психикалық соққы болмайтындай әрекет жасау қажет», – деді психолог маман Сырым Елжас.