"Үйді босатқысы келмеген": Астанада жалға алушы пәтер иесін соққыға жыққан (ВИДЕО)

Елордада 22 жастағы жігіт пәтерді уақытында босатпай, үй иесімен жанжалдасқан. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіге 30 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды

"Үйді босатқысы келмеген": Астанада жалға алушы пәтер иесін соққыға жыққан (ВИДЕО)
instagram.com/police__astana видеосынан скриншот

Астанада пәтерді жалға алған 22 жастағы ер адам үй иесімен жанжалдасып, оған дене жарақатын салды деген күдікке ілінді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, ер адам ұсталды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астана қалалық полиция департаментінің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ер адам жалға алған пәтерін уақытында босатпаған. Осыдан кейін пәтер иесімен арада жанжал туындаған.

«Жалға берушімен болған жанжал кезінде ол әйелге дене жарақатын салып, оның ар-намысына тиетін балағат сөздер айтқан», – делінген полиция хабарламасында.

Аталған дерек бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды, қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар сот ер адамға пәтер иесін балағаттап, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.