Атырауда 42 жастағы ер адам кішкентай қызды алып кетпек болғанда ұсталды
Күдіктінің жанындағы екінші адам полиция келгенше қашып кеткен
Атырауда кішкентай қызды ұрлап, оған зорлық жасамақ болды деген күдікпен ер адам ұсталды деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Оқиға 6 тамыз күні Көктем шағынауданында болған.
Азық-түлік дүкенінің жанында ішімдік ішкен ер адамның бірі, сол маңда жүрген кішкентай қызды қолынан ұстап, алып кетпек болған. Мұны байқап қалған куәгерлер полиция шақырып, кішкентай қызды арашалап қалыпты. Оқиғаны көзімен көргендердің айтуынша, күдіктінің қасында тағы бір азамат болған, бірақ ол құқық қорғаушылар келгенше қашып үлгеріпті. Қазір полиция 42 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады.
«Көктем ықшамауданында болған оқиғаға қатысты полиция қызметкерлермен күдікті ұсталып, уақытша оқшаулау орнына қамауға алынды. ҚР ҚК 121-бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде», - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова.