Алматыда карантин кезінде жұмыс істеген VIP-сауна мен бильярд клубы анықталды
Алматылық полицейлер карантиндік шектеулерге қарамастан жұмыс істеп тұрған элиталық сауна мен бильярд клубты анықтады деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған демалыс орындары клиенттерін еш кедергісіз қабылдап отырыпты. Саунада жезөкшелер қызмет көрсеткен.
«Бостандық ауданында элиталық сауна жұмыс істеді. Санитарлық нормалар мен талаптарға қарамастан, кешен өз жұмысын жалғастырды және келушілерді таңертеңге дейін қабылдады. Тексеру кезінде мекемеде 12 адам болды, олардың тоғызы жеңіл жүрісті қыздар», - дейді Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Саунаға кез келген адам кіре бермеген. Ішкі қауіпсіздік қызметі кірудің қатаң жүйесін жүргізген.
Ал, бильярд клубында полицейлер туған күн кешінің үстінен түсті. Мұнда 13 адам дастархан жасап, көңіл көтерген.
Келушілер, монша кешені мен бильярд клубының қызметкерлері ҚР ӘҚбК-нің 425 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бейнеде көрсетілген мекемелердің иелеріне қатысты 638 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.