ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Instagram арқылы сауда жасаған Петропавл тұрғыны сан соғып қалды

Алаяқты полиция қызметкерлері іздестіруде 

Фото: ашық дереккөзден

Instagram парақшасы арқылы сауда жасаған Петропавл қаласының тұрғыны сан соғып қалды. Жәбірленуші 85 мың теңгесін алдын ала төлем ретінде алаяқтардың шотына аударып жіберген. «Сатушыны» полиция қызметкерлері іздестіруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жеңілдіктер! Біреуін алсаң, екіншісі тегін!» Осындай жарнамаға қызығып, алаяқтардың құрығына түскен петропавлдық тұрғын Instagram парақшасы арқылы тон сатып алмақ болған. Тиімді ұсынысты пайдаланып қалғысы келген тұтынушы 85 мың теңгесін алдын ала төлем ретінде саудагердің жеке шотына аударған. Ақша қолына тиген соң интернет-алаяқ ізім-ғайым жоқ болған. Қазір полицейер жапа шегушінің арызы бойынша күдіктіні іздестіруде.

«Карантин кезеңінде адамдар тауарларды, сондай-ақ қызметтерді қашықтан алуға тырысады. Кей кездері интернет-алаяқтардың құрбандарына да айналып жатады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, арбаушылардың айласына көбіне түрлі хабарландыру сайттарының сатып алушылары түседі. Сондай-ақ жалған банк қызметкерлеріне де сеніп қалатындар көп. Сол себепті, тауар сатып алған кезде сатылып жатқан тауарға қатысты пікірлерді оқып, сатушыдан тауардың бейне шолуын талап ету қажет», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкіл Виталий Подчернин.

Мамандардың айтуынша, алаяқтардың келесі бір жиі қолданатын әдісі – құрбанының жеке деректерін пайдаланып, оның атына шағын несие рәсімдеу. Полицейлер құжаттарын және олардың көшірмелерін ешкімге сеніп тапсырмауға кеңес береді.

«Алаяқтықтың тағы бір тәсілі  – құрбанына банк атынан қоңырау шалып, шотын әлдебіреудің бұзғаны туралы хабарлау. Кейін қылмыскерлер СМС-хабарлама арқылы келетін кодты айтуын сұрайды. Мұндайда абыржымау керек. Банк қызметкерлерінің жеке және қаржы туралы ақпаратты талап етпейтінін есте сақтаған жөн. Сол сәтте банк бөлімшесіне немесе Сall-орталығына жүгінген дұрыс. Егер сіз интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз», - дейді Подчернин.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО