Астанада дрифт жасап, мақтанбақ болған жүргізуші 10 тәулікке қамалды (ВИДЕО)
Қазақстанда жыл басынан бері 5 мыңнан астам жүргізуші мас күйде ұсталды
Еліміздің бірнеше қаласында дрифт жасап, мақтанбақ болған жүргізушілер қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, Қазақстанда жыл басынан бері өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 226 мыңнан астам фактісі анықталды.
Атап айтқанда, көлікті мас күйде жүргізудің 5 мыңнан астам жағдайының жолы кесілді, 4 мыңнан астам қарсы қозғалысқа шығып кеткені анықталды. 46 мыңнан астам көлік арнайы тұраққа қойылды. Қауіпті көлік жүргізу және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне ерекше назар аударылады.
Дрифт жасағаны үшін 372 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Астанада дрифт жасаған жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Алматыда қала жолында дрифт жасаған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
«Мұндай әрбір фактіге құқықтық баға беріледі. Бірнеше құқық бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік белгіленген барлық құқық бұзушылық құрамы бойынша туындайды. Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда», - делінген ІІМ хабарламасында.