Атырау облысында арнайы техника автобусқа соғылып, үш адам зардап шекті
Жол апатынан үш жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді
Атырау облысының Құлсары қаласында арнайы техника Yutong жолаушылар автобусымен соқтығысты. Үш адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апат болған жерден түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тарады. Видеодан арнайы техниканың ұзын құрылымы жолмен өтіп бара жатқан жолаушылар автобусының терезелеріне соғылып, салонды тесіп өткені көрінеді.
Атырау облысының полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 20 қыркүйек күні сағат 18:50 шамасында Жылыой ауданындағы Махамбет даңғылында болған.
«Махамбет даңғылында Yutong автобусы мен арнайы техниканың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан автобустың үш жолаушысы ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.
Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп, тиісті материалдарды жинақтап жатыр.
Полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір еске салды.