«Баланың көзінше мысықты тістеп, қинаған»: Жамбыл облысында егде жастағы ер адамды полиция ұстап әкетті (ВИДЕО)
Оны Қызылорда облысының полицейлері анықтады
Қызылорда облысының полицейлері TikTok желісінде мысықты қинап, тістеген ер адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Видеодағы әрекет әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, көпшілік жануарға қатыгездік көрсеткен адамды жауапқа тартуды талап еткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға 21 қыркүйекте болған. Сол күні TikTok әлеуметтік желісінде ер адамның тікелей эфир кезінде кішкентай мысықты қолына қысып ұстап, тістеген сәті түсірілген видео тараған. Кадрда азаматпен бірге кәмелет жасқа толмаған қызы да болған.
Видео Threads желісінде де жарияланып, қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының бірі мұндай әрекетке жол бермеу керек екенін айтып, жануарға қатыгездік көрсеткендерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынған.
«Стримерлерді, блогерлерді және басқа да тірі жандарға қатысты зорлық-зомбылықты көрсететін әрі оған итермелейтін адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Жануарларға жасалған мұндай әрекеттер үшін де қатаң жаза қарастырылуы керек. Ал осындай адамдарға донат пен ақша аударатындарға да әкімшілік шара қолдану қажет», – деп жазған жазба авторы.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде кей қолданушылар жануардың жағдайына алаңдап, оны тауып, қауіпсіз жерге жеткізуді сұраған.
Полиция видеоны көре сала тексеру өткізіп, мысыққа қатігездік танытқан ер адамды бірден анықтаған.
«Ол 43 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Серік Кетенов болып шықты. Полиция оны бөлімшеге жеткізді», – деп хабарлады Қызылорда облысының полиция департаменті агенттік тілшісіне берген комментарийінде.
Басқарма мәліметінше, ер адамға айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалған. Полицияның хабарлауынша, видеодағы үй жануары тірі және зардап шекпеген.