«Бұқаңмен қосып піштіремін»: Ақтөбедегі танымал әдебиетші - ғалым малшыны аямай сабаған (ВИДЕО)

Оқиғаны құқық қорғау органдары растады

«Бұқаңмен қосып піштіремін»: Ақтөбедегі танымал әдебиетші - ғалым малшыны аямай сабаған (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Ақтөбе облысы Алға ауданында малшы Арыстанбек Бахилин шаруа қожалығының басшысы, өңірге танымал ғалым Өтеген Жақыповтан аяусыз соққы көргенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Малшының айтуынша, ол шілде айында өзіне тиесілі бұқаны алып кету үшін «Өтеғұл-1» шаруа қожалығына барып, таяқ жеп қайтқан.

 «Шілде айында «Өтеғұл-1» шаруашылығында Жақыпов Өтеген мені ұлымен бірге сабады. Бір бұқам қосылып кеткен еді, соны алуға барғанмын. «Бұқаны да піштіремін, сені де піштіремін» деп баласы екеуі соққының астына алды. Қасымда Ербол деген азамат куәгер болды, бірақ қазір болған жағдайды мойындамай отыр. Екеуміз екі мотоциклмен малымызды алып кетуге бардық. Жақыпов Өтеген «20 мың теңге ақша әкеліңдер, малдарыңды алып кетесіңдер» деді. Мен жалындым. «Аға, менің бес балам бар, пәтер жалдап жүрмін» дедім», – дейді малшы.

Редакция оқиға бойынша құқық қорғау органдарына сұрау салды. Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«Барлық мән-жайын анықталып жатыр. Тергеу аясында қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені жүргізіледі»,- деді полициядан.

Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Дереккөздерге сәйкес, Өтеген Жақыпов – күллі Ақтөбе өңіріне танымал ғалым. Ол филология ғылымдарының кандидаты. Ғалым ақын Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығын жан-жақты зерттеп, осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Сонымен қатар өңірдің рухани-мәдени өміріне белсенді араласады. Сондай-ақ ол Алға ауданындағы «Өтеғұл-1» шаруа қожалығының басшысы. Өтеген Жақыпов мемлекеттік наградамен марапатталған, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болған.