Көпқабатты үйдің терезесінен дәрет сындырған Астана тұрғыны 10 тәулікке қамалды
Сот ер адамның әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалады
Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін Астана тұрғыны әкімшілік қамауға алынды. Видеода ер адамның көпқабатты үйдің кіреберісіндегі терезеден дәрет сындырып тұрғаны көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видео тарағаннан кейін Астана қаласының Полиция департаменті тексеру басталғанын хабарлады. Полицейлер видеоға түскен құқық бұзушының жеке басын анықтап, оқиғаның мән-жайын тексеруге кірісті.
«Оқиғаға қатысы бар адамның жеке басы анықталып, барлық мән-жай белгілі болғаннан кейін оның әрекетіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді Астана қаласының Полиция департаменті.
Кейін істі Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 24 тамыз күні шамамен сағат 00:30-да болған. Іс материалдарында Ж. деп көрсетілген елорда тұрғыны тұрғын үйдің баспалдақ алаңында болған. Ол кіреберістің терезесінен көшеге қарай дәрет сындырған.
Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалады. Сот отырысында Ж. кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді. Оның кінәсі өз мойындауынан бөлек, әкімшілік іс материалдары және бейнежазба арқылы расталды.
Жаза тағайындау кезінде сот оның әрекетінің сипатын, қоғамға құрметсіздік танытқанын, сондай-ақ видеоның әлеуметтік желілерде кеңінен тарағанын ескерді. Сот Ж.-ны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.