«Химия мен биология пәнін таңдағым келмейді»: Ақтөбеде туған анасын өлтірді деген оқушының соты басталды
Тергеуге сүйенсек, 16 жастағы бала жанжал кезінде анасына пышақ сұғып алған
Ақтөбеде жанжал кезінде анасын пышақпен жаралап, өлтіріп алған 16 жастағы баланың соты басталды. Күдікті анасынан бөлек, әжесіне де жара салған, абырой болғанда кейуана тірі қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Нalyqstan телеграмм-арнасына сілтеме жасай отырып.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, бұл қайғылы жағдай 2025 жылдың 2 желтоқсанында тіркелген. Оқушы сабағындағы мәселені айтып, анасымен сөйлеспекші болған. Марқұм анасы баласының химия және биология пәндерін бейінді пән ретінде таңдап, сол сабақтардан емтихан тапсырғанын қалаған. Бұған қарсы шыққан баласы жанжал бастап, арты осындай сұмдық қылмысқа ұласқан.
«Бала жанжал кезінде анасына пышақ сұққан. Сондай-ақ, 72 жастағы әжесін де жаралаған. Қария тірі қалды, ал әйел алған жарақатынан жан тапсырған. Оқиғадан кейін баланы тексерген дәрігерлер оған «созылмалы шизофрения» диагнозын қойған. Қазір бала ауруханада ем алып жатыр», - деп хабарлайды дереккөз.
Бала биыл 11-сыныпты аяқтайтын жасқа келген. Ұстаздарының айтуынша, бала әртүрлі зияткерлік конкурстарға қатысып, кейбір сабақтарды тереңдетіп оқыған.
Сотқа оның әкесі мен інісі келген. Бірақ, олар журналистерге сұхбат беруден бас тартып, бұрын баланың бойынан оғаш қылық байқамағандарын ғана айтқан.