Елімізде есірткі қолданып, «жынды» болғандар саны жылдам көбейіп жатыр

Психикалық бұзылысы бар жасөспірімдер де көбейген

Елімізде есірткі қолданып, «жынды» болғандар саны жылдам көбейіп жатыр
Фото: Freepik

Қазақтанда психикалық ауруға шалдыққандар саны жылдан жылға артып барады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, психикалық бұзылу диагнозы алғаш рет қойылған пациенттер саны 2021 жылы 8,5 мың адам болса, 2025 жылы 15,5 мыңға жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Еnergyprom сайтына сілтеме жасай отырып.

2026 жылдың алғашқы үш айында әр 100 мың тұрғынға шаққанда психикалық бұзылулар алғаш рет 74 адамнан анықталған. Бұл өткен жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіштен 15,7%-ға жоғары. Мұндай өсім Қазақстанның 20 өңірінің 15-інде тіркелді. Ең жоғары өсім Батыс Қазақстан облысында байқалды – көрсеткіш бір жылда 90,3%-ға артқан. Қызылорда облысында 49,3%-ға, Алматыда 33,8%-ға, Жамбыл облысында 33%-ға өскен.

Психикалық бұзылулар алғаш рет анықталғандардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар. Мәселен, 2025 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында 100 мың балаға шаққанда 147,3 жағдай тіркелген. Ал 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 2021-2025 жылдары 46,2-ден 65,9 жағдайға дейін өскен.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі психикалық денсаулықты қорғау жүйесін қайта форматтауды жоспарлап отыр. Ведомство 2027-2030 жылдарға арналған психикалық денсаулықты қорғау жөніндегі кешенді жоспарын таныстырды. Құжат әзірге толық жарияланған жоқ.

Жалпы алғанда, диспансерлік есепте 210 мыңға жуық адам бар, олардың ішінде 95,1 мың адам психобелсенді заттарды қолдануға байланысты менталды ауруға ұшырағандар.