Секіріп, қуанды: Тоқаевтың сұрағына мүдірмей жауап берген оқушы желі жұртын сүйсіндірді (ВИДЕО)
Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім болашағы» көрмесін аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім болашағы» көрмесін аралап жүрген кезде оқушылармен тілдесіп, олардың сабағын бір шолып шықты. Президенттің сұрағына мүдірмей жауап берген 3-сынып оқушысының қуанышты реакциясы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көрме барысында Президент білім беру саласына енгізіліп жатқан заманауи цифрлық шешімдермен танысты. Атап айтқанда, оқыту процесінде Qalam AI, Beyim AI, TopIQ және E-OQULYQ платформалары қолданылатын 3-сыныптағы математика сабағына қатысты.
Сабақ барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылардың біріне сұрақ қойды. Оқушы Президенттің сауалына еш тосылмай, бірден жауап берді.
Мемлекет басшысымен тілдескеніне қуанған балақайдың реакциясы видеоға түсіп қалған. Ол қуаныштан секіріп, эмоциясын жасыра алмады. Кейін оқушы түсірілген видеоны өзіне жіберуді сұрады. Баланың қуанған сәті әлеуметтік желі қолданушыларын сүйсіндірді.
Айта кетейік, Республикалық тамыз конференциясы білім беру саласын дамытудың заманауи тәсілдеріне арналған. Іс-шара барысында білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, цифрлық шешімдер мен оқыту әдістері туралы айтылды.