Түркістан облысында ағайынды екі жігіт Сырдарияға батып кетті
Ағайындыларды іздеу жұмыстары бірнеше тәулікке созылған
Түркістан облысында ағайынды екі жігіт Сырдария өзеніне шомылу кезінде қаза тапты. Ер адамдарды іздеу жұмыстары бірнеше тәулікке созылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ТЖД-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 22 тамызда Сауран ауданы Үшқайық ауылдық округінің аумағында болған. 1998 және 2002 жылы туған ағайындылар өзен жағасында демалып, шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, 24 жастағы жігіт қатты ағысқа тап болып, суға бата бастаған. Оған көмекке 28 жастағы ағасы ұмтылған, алайда екеуі де судан шыға алмаған.
Іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушылары, полицейлер, медицина қызметкерлері, жергілікті тұрғындар және қаза тапқандардың туыстары болды. Мамандар жүзу құралдарын, дрондар мен басқа да техникаларды пайдаланды.
Інісінің денесі 24 тамызда оқиға болған жерден шамамен алты шақырым жерден табылды. Ал ағасының денесі келесі күні өзен ағысымен едәуір төмен жерден анықталды.
«25 тамызда іздеу жұмыстары барысында оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерде су бетінен 1998 жылы туған екінші ер адамның денесі табылды. Осылайша, Сырдария өзеніндегі іздеу жұмыстары аяқталды. Екі ер адам да қаза тапты», – деп мәлімдеді Түркістан облысының ТЖД.
Ведомство өңір тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға және жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспеуге шақырды.