Сапарбаев Қордай оқиғасына қатысты ұсталған тұрғындардың туыстарымен кездесті
Қордайдағы қақтығыс кезінде 11 адам қаза тапты

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың ата-аналары және туыстарымен кезекті рет кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аймақ басшысы Қаракемер және Сортөбе ауылдарында жергілікті тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді.
Бердібек Сапарбаев ұсталғандардың туыстарының барлық өтініштерін мұқият тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын, сондай-ақ прокуратура, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қарайтынын айтты. Ол барлық өзекті мәселелер Қазақстан заңнамасы аясында шешілуі тиіс екенін де атап өтті.
«Біз болған қайғылы оқиғаның 11 адамның өліміне әкеліп соқтырғанын, екі жүзге жуық адамның жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады, ұсталғандармен кездесулер, телефон арқылы сөйлесулер ұйымдастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады, ол материалдармен тараптар таныстырылуы керек. Заңды бұзған және олардың кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Барлығы заң бойынша болуы керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында», - деді Сапарбаев.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындармен болған әңгіме барысында мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, жергілікті атқарушы органдар Қордай ауданындағы ауылдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды абаттандыру мен салу үшін қосымша 3 миллиард теңге бөлінген. Тұрғын үйлер, спорт және балалар алаңдары, дәрігерлік амбулатория, мектеп, көшелер салынып, газ құбыры, сумен жабдықтау желілері тартылып, жөнделуде.
Жиын соңында аймақ басшысы Қордай тұрғындарын тәртіп пен заңдылықты сақтауға, түрлі арандатушылықтар мен жалған ақпаратқа бой алдырмауға шақырды.
Еске сала кетейік, 8 ақпанда Қордай ауданының үш ауылында екі мыңнан астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздік болды. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров Қордайдағы қақтығыс бойынша 59 адамның қылмыстық жауапқа тартылатынын айтты.