Алматы облысында Маншүк Мәметова шыңынан жарақат алған Ресей азаматы құтқарылды
Турист тікұшақпен эвакуацияланып, дәрігерлердің қарауына тапсырылды
Алматы облысында құтқарушылар Маншүк Мәметова шыңына көтерілу кезінде жарақат алған Ресей азаматын эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Оқиға теңіз деңгейінен 4194 метр биіктікте орналасқан Талғар ауданындағы Маншүк Мәметова шыңында болған.
Үш адамнан құралған топ Антикайнен асуы арқылы шыңға көтеріліп бара жатқан. Көтерілу кезінде туристердің бірі – Ресей Федерациясының азаматы жарақат алып, әрі қарай өздігінен қозғала алмай қалған.
Оқиға туралы хабар түскен бойда Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметінің мамандары дереу оқиға орнына аттанды.
Құтқарушылар зардап шеккен туристі тауып, оған қажетті көмек көрсетті. Кейін оны биік таулы аймақтан қауіпсіз жерге түсіріп, әрі қарай ауруханаға жеткізу үшін Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды.