Семейде Ертіс жағалауынан қараусыз жүрген үш жасар бала табылды
Құтқарушылар бүлдіршінді жағажайды патрульдеу кезінде тауып, ата-анасына тапсырды
Семейде құтқарушылар Ертіс өзенінің қалалық жағажайынан жоғалып кеткен үш жасар баланы тауып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, 2023 жылы туған бала жағажайда ересектердің қарауынсыз жүрген. Оны Ертіс жағалауын патрульдеп жүрген облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері байқап қалған.
Құтқарушылар алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқиғаның мән-жайын анықтап, ата-анасын іздеуге кіріскен.
Көп ұзамай бүлдіршіннің ата-анасы табылып, бала отбасына аман-есен тапсырылды. Дәрігерлердің көмегі оған қажет болған жоқ.
Осыған байланысты ТЖМ ата-аналарға су жағасында демалған кезде балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауға шақырды. Ведомство баланы үнемі көзден таса етпей, оның демалыс орнынан өз бетінше кетуіне жол бермеу қажет екенін ескертті. Бұл қарапайым қауіпсіздік ережелері жазатайым оқиғалардың алдын алып, балалардың өмірін сақтауға көмектеседі.