Алматылық онкологтар әйелдің ішінен 10 келі ісікті алып тастады (ФОТО)

Әйел аналық без обырына шалдыққан

Алматылық онкологтар әйелдің ішінен 10 келі ісікті алып тастады (ФОТО)
Фото: Freepik

Алматы онкологиялық орталығында аналық без обырына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасалды. Әйелдің іші ісіп кеткені соншалық, дәрігерлер ісіктен бөлек, оның ішінен 6 литр сұйықтық алып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол ауруханаға салмағы 10 килограмнан асатын алып ісікпен және құрсақ қуысындағы 6 литр сұйықтықпен түскен. Ісік несепағарларды және өзге де ішкі ағзаларды қысып қалған.

Үш сағатқа созылған мультидисциплинарлық отаны онкогинеколог Райхан Болатбекова бастаған команда жүргізді. Хирургтер ісікті алып, сұйықтықты шығарды. Сондай-ақ жатырды, аналық бездерді, жатыр түтіктерін және үлкен шарбыны сылып тастады. Ендігі кезеңде науқас химиотерапия курсынан өтеді.

Дәрігерлер ерте анықталған ауруға ем тезірек қонатынын ескертіп, әйелдерді тұрақты түрде гинекологқа тексеріліп тұруға  шақырады.

Өткен жылы осы орталықта тағы бір науқастың құрсақ қуысынан 45 литр сұйықтық табылған еді.