Қарағандыда жол жөндеу кезінде жұмысшы каток астында қалып қаза тапты

Қайғылы оқиға Республика даңғылында жөндеу жұмыстары кезінде болды. Полиция қылмыстық іс қозғады

Қарағандыда жол жөндеу кезінде жұмысшы каток астында қалып қаза тапты
Фото: © istockphoto.com

Қарағандыда жол жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшы жол катогының астына түсіп, көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 шілде күні сағат 14:30 шамасында Қарағанды қаласындағы Республика даңғылында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде жұмыс істейтін 62 жастағы жүргізуші жол катогын кері бағытта жүргізіп келе жатып, 53 жастағы әріптесін қағып кеткен.

Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігімен ("Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу") қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.