«Жай ғана тамағы ауырған»: Оралда көз жұмған 12 жастағы қыздың туыстары мәлімдеме жасады

Марқұмның жақындарының айтуынша, қыз бірнеше рет дәрігерге қаралғанымен, оның жағдайы күрт нашарлап кеткен. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда

«Жай ғана тамағы ауырған»: Оралда көз жұмған 12 жастағы қыздың туыстары мәлімдеме жасады
Фото: © istockphoto.com

 Оралда тамағы ауырып ауруханаға түскен 12 жастағы қыз көз жұмды. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмеуі себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

12 жастағы Дәмелі Әбдірахманова 28 маусым күні ауруханаға жатқызылған. Жақындарының айтуынша, қыздың тамағы қатты ауырып жүрген. Қабылдау бөлімінде оған «іріңді баспа» диагнозы қойылып, палатаға орналастырылған.

Анасы қызымен бірге ауруханада қалмақ болғанымен, Дәмелінің жасына байланысты оған стационарда бірге болуға рұқсат берілмеген.

Алайда келесі күні таңертең баланың жағдайы күрт нашарлаған.

«Дүйсенбі күні таңертең Дәмелі бізге хабарласып, өзін өте жайсыз сезініп тұрғанын, жүрегі қатты соғып жатқанын айтты. Әжесі оған бірден дәрігерлерді шақыруды тапсырды. Бірақ қызымыз тек дене қызуын өлшеп кетіп қалғандарын айтты. Біз дереу ауруханаға шықтық. Жолда келе жатқанда Дәмеліні жансақтау бөліміне ауыстырғанын хабарлады. Ауруханаға жеткенімізде баланың қайтыс болғанын білдік», – дейді қыздың ағасы.

Туыстарының айтуынша, Дәмелі жансақтау бөліміне жетпей, палатада көз жұмған болуы мүмкін.

Оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін отбасы мүшелері полиция қызметкерлерімен бірге аурухана дәлізіндегі бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап шыққан.

Олардың сөзінше, видеода Дәмелі жатқан палатадағы көрші қыздың сыртқа жүгіріп шығып, медицина қызметкерлерін көмекке шақырғаны анық көрінеді.

«Палата есігінен каталка өте алмай тұрып қалды. Дәрігерлердің бәрі сол жерде тұрды. Сонда жансақтау шаралары дәлізде жүргізілді дегенге қалай сенеміз? Бұған дейін бізге барлық қажетті реанимациялық көмек көрсетілді деп айтқан болатын. Біз мұны салғырттық пен жауапсыздық деп санаймыз. Егер көмек уақытында әрі кәсіби көрсетілгенде, мұндай қайғы болмас еді. Оның жай ғана тамағы ауырған, ауыр дертке шалдықпаған. Ал бала келесі күні көз жұмып отыр», – дейді марқұмның туыстары.

Жақындарының айтуынша, Дәмелі бұған дейін денсаулығына қатысты есепте тұрмаған. Өткен жылы толық медициналық тексеруден өтіп, ешқандай ауру анықталмаған.

Қазіргі уақытта 12 жастағы қыздың нақты неден қайтыс болғаны ресми түрде анықталған жоқ.

Марқұмның туыстары бұл істі назардан тыс қалдырмайтындарын айтып, құқық қорғау органдарына ресми арыз беріп, инфекциялық аурухана дәрігерлерінің әрекетіне жан-жақты тексеру жүргізуді талап етпек.

«Егер бұл істі осылай қалдырсақ, мұндай жағдай тағы қайталануы мүмкін. Ата-анасының бұл қайғыны қалай көтеретінін елестету қиын. 12 жастағы баланың көз жұмуына қалай жол беруге болады?», – дейді қыздың тәтесі.

Бүгін, 2 шілдеде, Дәмелі Әбдірахманованы ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсіміне ондаған адам – туыстары, достары мен сыныптастары қатысты. Дәмелі отбасындағы тұңғыш бала болған. Артында ата-анасы мен екі інісі қалды.