Алматы метросында полиция жасөспірімнің сөмкесінен Калашников автоматының оғын тауып алды

Қылмыстық іс қозғалды

Алматы метросында полиция жасөспірімнің сөмкесінен Калашников автоматының оғын тауып алды
Фото: скриншот

Алматы метрополитенінде заңсыз оқ-дәрі алық жүрген жасөспірім қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәртіп сақшылары «Райымбек батыр» метро станциясында тексеру жүргізу барысында қаладағы колледждердің бірінің студентін ұстаған. Жеке тінту амалдары кезінде оның жанынан Калашников автоматына тиесілі болуы мүмкін 3 дана оқ табылды.

«Оқиға орнына Жетісу аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы дереу жетті. Табылған оқ-дәрілер тәркіленіп, тиісті сараптамаға жолданды», - делінген полиция хабарламасында.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта заңсыз заттардың қайдан шыққанын және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция департаменті қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.