Солтүстік Қазақстанда шомылуға барған қария жардан құлап кетті
Оқиға орнына құтқарушылар жетіп, зардап шеккен ер адамға алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді
Петропавлда Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мен прокуратура өкілдері Есіл өзенінің жағасындағы жардан құлап кеткен ер адамды құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеңіс саябағы маңында кезекті рейд өткізіп жүрген мамандар жардың етегінде қауіпті жағдайда қалған адамды байқап қалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 70 жастағы ер адам жұмыстан кейін шомылу үшін арнайы жабдықталмаған жерге барған. Бақылау алаңынан өзенге қарай тік еңіспен түсіп келе жатқанда аяғы тайып, жардан құлап кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, құлаған кезде бұғанасы сынған. Жарақат алғанына және жер бедерінің күрделі болуына байланысты өздігінен жоғары көтеріле алмаған.
Құтқарушылар бірден құтқару жұмыстарына кірісті. Альпинистік құрал-жабдықтар мен қатты зембілдің көмегімен зардап шеккен адам жетуі қиын жерден эвакуацияланып, қауіпсіз алаңға шығарылды.
Одан кейін ер адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.