«Жара іріңдеп кеткен»: министрлік марқұм Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты қауесеттерге жауап берді

Ведомствоның тергеу амалдарына көмек көрсетуге дайын 

«Жара іріңдеп кеткен»: министрлік марқұм Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты қауесеттерге жауап берді
Фото: instagram.com/erbayan2024

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әскери қызметте жүріп ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты алып-қашпа әңгімелерге жауап берді. Сондай-ақ ведомствоның бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев тергеу амалдарына қосымша көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

«Ең алдымен марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Өздеріңіз білетіндей, науқас үш жыл бұрын ауыр бас-ми жарақатын алған болатын. Сол жарақаттың салдарынан вегетативтік күйге түсті. Осы уақыт ішінде дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу және жағдайын жақсарту үшін бар күшін салды. Емдеу және оңалту шаралары жүргізілді, оның ішінде Түркияда да ем қабылдады. Өкінішке қарай, шамамен бір ай бұрын науқастың жағдайы күрт нашарлап, қосымша инфекция қосылды. Кейін ол сепсиске ұласып, бұрынғы ауыр бас-ми жарақатының салдарымен бірге көп ағзалық жеткіліксіздік дамыды. Өкінішке қарай, осы асқынулардың салдарынан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Науқасқа көрсетілген медициналық көмекке келсек, дәрігерлер барлық қажетті емдеу шараларын толық көлемде жүргізді. Қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілді, мамандар науқастың өмірі үшін соңына дейін күресті. Кейбір тараптар «дәрігерлер уақытында қарамаған», «жара іріңдеп кеткен» деген пікірлер айтып жатыр. Бұл мәселеге қатысты айтарымыз, дәрігерлер қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде және қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілді», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін Әділет министрлігі жанындағы сот-медициналық сарапшылардың қатысуымен қажетті зерттеулер жүргізілген.

«Қылмыстық іс аясында тергеу жүргізілді, Әділет министрлігі жанынан сот-медициналық сарапшылар тартылды. Егер құқық қорғау органдары қажет деп тапса, біз барлық тиісті мамандарды ұсынуға дайынбыз», - деді Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, әскерде жүріп мертіккен Ербаян Мұхтар 23 маусымда Астанада қайтыс болды. Ол Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз бас сүйек-ми жарақатын алып, кейін комаға түскен.

Әскери бөлім өкілдері туыстарына Ербаян дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын айтқан. Ауруханаға түскен кезде оған ауыр дәрежедегі бас миының соғылуы, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттар диагнозы қойылған. Сарбазға нақты не болғаны туралы толық ақпарат Erbayan2024 Instagram парақшасында жарияланған. ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі қатардағы жауынгер Мұхтардың басынан жарақат алу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы – «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Сарбаздың отбасының қорғаушысы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Ербаянның жарақатты қалай алғанына қатысты айтқан мәлімдемесіне де пікір білдірген болатын.

Мүгедектікке ұшыраған сарбаздың әкесі ұлының жағдайы туралы айтқанда көз жасына ерік берген еді. Емдік массаж маманы Ұлпан Серікбаева бір ай бойы Ербаянмен жұмыс істеді. Оның айтуынша, Ербаян есінеу әрекетін жасай алатын болған, бұған дейін мұндай мүмкіндігі болмаған. Сондай-ақ тыныс алу жүйесінің жұмысы жақсарып, ол 10-20 минут аралығында өздігінен тыныс ала бастаған.

Қазақстандықтар Ербаянның еміне шамамен 230 миллион теңге жинап берген. Бұл қаражат оның шетелдегі үш айлық оңалту курсынан өтуіне жеткілікті болған. Алғашында Ербаянды Германияға апару жоспарланған. Алайда ондағы дәрігерлер оның сол кездегі жағдайына байланысты қабылдауға дайын болмаған. Кейін Түркия дәрігерлері емдеуге келісім бергенін Инга Иманбай хабарлаған. 2025 жылдың 27 қыркүйегінде Ербаян Мұхтар ата-анасымен бірге Ыстанбұлға аман-есен жеткен. Ол ұзақ ұшуды жақсы көтерген. Қараша айында Түркиядағы кезекті емдеу кезеңін аяқтап, Астанаға оралған.

14 қазанда Ербаянның ісіне байланысты дәрігерлердің әрекетіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Әскери қызметшілер мен медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған екі қылмыстық істі де Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының бөлім басшысы тергеп жатыр.