Михаил Шайдоров неге бес ай жалақы алмаған: министрлік шындықты мойындады (ВИДЕО)
Спортшы қазір келесі Олимпиада ойындарына дайындала алмай отырғанын айтты
Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров жарты жылға жуық жалақы алмағанын айтқан соң, Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік спортшыға беретін жалақыны шынымен кешіктіріп жатқанын мойындады. Спортты дамыту дирекциясының мәлімдеуінше, Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрынғы келісімшарт негізінде толықтай төленген.
«Биыл наурыз айынан бастап, жаңа олимпиадалық циклдің басталуына орай, спортшымен жаңа еңбек шартын жасасу жоспарланып отыр. Бұл құжатта атлеттің жоғары мәртебесі ескеріліп, қаржыландыру шарттары айтарлықтай жақсарған. Қазір келісімшарт жобасы өзара талқыланып, құқықтық тұрғыдан пысықталып жатыр. Құжатқа қол қою процесінің созылуы да содан. Ал тоқтап тұрған төлемдер шарт бекітіле салысымен бірден қайта жалғасады», - дейді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, тараптар үлкен спортта қалыптасқан арнайы тиімділік көрсеткіштерін (KPI) өзара үйлестіру үстінде. Министрліктің айтуынша, бұл - өзара жауапкершілік пен бюджет қаражатын мақсатты жұмсауға негізделген әлемдік тәжірибе.
«Осы орайда, жаңа еңбек шартын келісу процесіне қарамастан, мемлекет Михаил Шайдоровтың Милан Олимпиадасындағы тарихи жеңісі үшін тиесілі сыйақыларын толық көлемде беретінін нықтап айтқымыз келеді. Алтын медаль иеленгені үшін спортшыға 250 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық беріледі, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер кілті табысталады және ҚР заңнамасына сай өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады», - деп толықтырды дирекциядан.
Бұған дейін елімізге тарихи жеңіс сыйлаған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қысқы Олимпиададан кейін айлық алмағанын «өзінің қатал пікірі үшін жасалып жатқандай» деген болжамын айтқан еді.
«Олимпиада ойындарының циклі 4 жылға созылады, ол бір жыл қалғанда дайындалып шыға салатын жер емес. Өз басым бес жыл бойына дайындалдым. Мен сол уақытта қолдау сұрадым. Мені қолдады, бірақ ойдағыдай болмады. Тек 2025 жылы Әлем чемпионатынан күміс жүлдеге ие болғаннан кейін ғана нағыз қолдауды көрсете бастады. Алдыңғы есепте былтырғы төленген қаражат туралы жазылды, оған дейін маған демеушілер көмектескен. Бұл туралы өз шындығымыды айтқан соң, мені жазалағысы келген сияқты. Міне, қазір 5 ай болды, мен жалақы алмаймын», - деді Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовтың YouTube жобасында берген сұхбатында.
Еске салсақ, Туризм және спорт министрлігі Италиядағы XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль алған Михаил Шайдоровты дайындауға мемлекет былтыр 263 млн теңге бөлгенін мәлімдеген болатын. Содан кейін спортшы жалақысы туралы ақпараттың жария болуына қатысты пікірін білдірген және оны өзінің еңбегін құнсыздандыру деп бағалаған еді.