«Әйелді балталап тастаған»: Ресейде ауыр қылмыс жасаған азамат 14 жылдан кейін Ақтау әуежайында ұсталды

Ол Баку қаласына қашып бара жатқан

«Әйелді балталап тастаған»: Ресейде ауыр қылмыс жасаған азамат 14 жылдан кейін Ақтау әуежайында ұсталды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Осыдан 14 жыл бұрын, 2012 жылы Ресейдің Калуга қаласында бір үйде отырған әйелдің басын үш жерден балталап өлтірген ер адам жуырда Ақтау қаласының әуежайында қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Полицияның мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстан мен Ресейдің Ішкі істер министрлігі қылмыскерлерді өзара іздеу жұмысын күшейткен.

«Жыл басынан бері Ресей Федерациясының аумағында Қазақстанның ішкі істер органдары іздестіріп жүрген 27 қылмыскер анықталды. Олардың 14-і ұсталып, 13 адамның жүрген жері белгілі болды. Ал, Қазақстанның полициясы Ресейдің ішкі істер органы іздеу салған 212 адамды анықтады. Олардың ішінде 31 қылмыскер ұсталып, 180 адамның жүрген жері анықталды», - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Дереккөзге сүйенсек, бұл күдіктілердің арасында ауыр қылмыс жасаған бірнеше адам болған.

«Мысалы, ҚАқтау қаласының әуежайында мемлекетаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды. Ол Баку қаласына ұшып кетпек болған кезде қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мәліметінше, ол осыдан 14 жыл бұрын, 2012 жылы Ресей Федерациясының Калуга қаласында бір үйде отырған әйелді үш рет балталап, жазым еткен», - деп хабарлайды полиция.

Ресейде ұсталған қазақстандықтардың арасында да ауыр қылмыс жасаған күдіктілер болған. Солардың бірі – Шымкент қаласында өзгенің қымбат көлігіне жалған құжат жасатып, сатып жіберген ер адам бар. Қазір ол ірі көлемде алаяқтық жасады деген баппен тергеліп жатыр.