«Жүргізуші кінәлі емес»: Астанада жүк көлігі қағып, көз жұмған баланың анасы әсерлі жазба жариялады
Қайғылы оқиға 26 мамыр күні Астана қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болды
Астанада бетон араластырғыш көліктің астына түсіп, көз жұмған бүлдіршіннің анасы желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде баласының пысық, алғыр, мазасыз болғанын айтып өтті
«Шексіз қайғымыз бен орны толмас ауыр қазамызға ортақтасып, көңіл айтқан баршаңызға алғыс білдіремін. Ұлымыз Глебтен айырылып қалдық. Ол өте белсенді, өмірге құштар, пысық, алғыр да мазасыз, қолды-аяққа тұрмайтын бала еді; өмірді қатты сүйетін, өмір сүруге асығатын... Бұл жағдайға өзіңді де, жүргізушіні де, велосипедті де, өзіміздің салғырттығымызды да кінәлауға болар... Бірақ енді одан не пайда? Жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі емес. Өткенді артқа қайтара алмайсың...», – дейді марқұм бүлдіршіннің анасы.
Ол сөзін жалғай отырып, балалар айналадағы қауіп-қатерді толық түсіне бермейтінін тілге тиек етті.
«Балалар әрдайым асығып жүреді, «мұқият боламыз» деп уәде береді, бірақ айналадағы қауіп-қатердің бәрін сезіне бермейді. Ең өзекті өртейтін ауыр соққы – өз балаңды енді ешқашан құшақтай алмайтыныңды, оның көзіне тік қарап тұрып, өзін қаншалықты қатты жақсы көретініңді айта алмайтыныңды, ал оның мұны ести алмайтынын түсіну екен. Бәрі де Алланың, Жаратушының әмірімен болатын іс. Ешкімді кінәламаңыздаршы, одан да әрбір сәт пен жылы сөздеріңізді қасыңыздағы жақындарыңыз бен туғандарыңызға арнаңыздар. Олардың сіздер үшін қаншалықты қымбат екенін айтып үлгеріңіздер... Баршаңыз аман-есен, дендеріңіз сау, өмірлеріңіз бақытқа толы болсын! Әумин!» – деп жазды ол.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада бетон араластырғыш көліктің астына түскен оқушы көз жұмғаны хабарланған.