Каскелеңде кәріз құдығының қақпағына соғылған жасөспірім ауыр жарақат алды

16 жастағы жасөспірім кешкі уақытта велосипедпен үйіне қайтып келе жатып, бетон плитамен жабылғанымен, жер бетінен шығып тұрған кәріз құдығын байқамай қалған

Каскелеңде кәріз құдығының қақпағына соғылған жасөспірім ауыр жарақат алды
Фото: istockphoto.com

Алматы облысында 16 жастағы жасөспірім велосипедтен құлап, ауыр жарақат алды. Мектеп оқушысы қатты жылдамдықпен шығып тұрған кәріз құдығының қақпағына соғылған. Салдарынан оның жақ сүйегі мен омыртқасы зақымданды. Зардап шеккен баланың отбасы бұл оқиғаға әкімдік тарапынан жіберілген кемшілік себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға Каскелең қаласынан шығар жолда болған. Туыстарының айтуынша, 16 жастағы Дамир кешкі уақытта велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан. Сол сәтте бетон плитамен жабылған, бірақ жер бетінен шығып тұрған кәріз құдығының қақпағын байқамай қалған. Соққының екпінінен жасөспірім бірнеше метрге ұшып кетіп, жерге бетімен құлаған. Қазір ол ауруханада жатыр.

«Ұлым қазір тамақ та іше алмайды, орнынан да тұра алмайды, тіпті дұрыс су ішуге шамасы жоқ. Жағдайы өте ауыр. Омыртқасына зақым келген, денесінде сау жер қалмаған. Әкімдік қайда қараған? Бұл жермен қаншама бала жүреді ғой. Осындай учаскені қалай қабылдап алған? Қараңызшы, құдықтың қақпағы қаншалықты шығып тұр. Ал түнде ол мүлде көрінбейді», – дейді жасөспірімнің анасы Жанар Айтжанова.

Ал әкімдік өкілдері құдық қақпағы бұған дейін ұрланғанын айтады. Ешкім түсіп кетпес үшін оны уақытша бетон плитамен жауып қойғандарын жеткізді. Сондай-ақ олардың сөзінше, бұл нысанға әкімдік емес, Су шаруашылығы комитеті мен жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым жауапты.

«Біз қауіпсіздік мақсатында құдықты уақытша бетон плитамен жаптық. Мұны әкімдіктің қателігі деп есептемейміз. Жұмыстың тапсырыс берушісі – Су шаруашылығы комитеті. Ол жаққа тиісті хаттар жолданды. Ал зардап шеккен жасөспірімге қатысты жағдайды қазір қарап жатырмыз. Басшылықпен бірге отбасыға қандай көмек көрсете алатынымызды шешеміз», – деді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Төлепберген.