Алматы әуежайында мас шетелдік шу шығарып, әйнек сөрені қиратып кетті

Канада азаматы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылып, айыппұл төледі

Алматы әуежайында мас шетелдік шу шығарып, әйнек сөрені қиратып кетті
Фото: Facebook / Almaty international airport

Алматы әуежайында мас жолаушы жанжал шығарып, әйнек сөрені сындырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Алматы – Франкфурт бағыты бойынша ұшатын рейстің жолаушысы мас күйінде әуежайда шу шығарған.

Белгілі болғандай, ер адам айналасындағыларға агрессивті мінез көрсетіп, балағат сөздер айтқан және шыны витринаны ұрған. Соның салдарынан шыны сынып, жанында тұрған бюро қызметкерлерінің үстіне құлаған. Оқиға әуежайдың екінші қабатында болған.

Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Тәртіп бұзушы мән-жайды анықтау үшін полиция бөлмесіне жеткізілген. Оның Қазақстан аумағында тұратын, Арыс қаласындағы жекеменшік компаниялардың бірінде жұмыс істейтін 32 жастағы Канада азаматы екені анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша ол қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.