«Ұйықтап жатқан жерінен алып шыққан»: Алматы облысында полицей 90 жастағы кейуананы құтқарып қалды (ВИДЕО)
Әжей мен полиция қызметкері көрші болған
Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкері, полицияның аға сержанты Жасұлан Нұрасылов түн ортасында болған өрт кезінде батылдық танытып, адам өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға түнгі сағат шамамен 03:00-де болған. Полиция қызметкері көрші үйден шыққан өртті байқап қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен үйдің жапсарлас құрылысы өртеніп, кейін жалын жазғы асүйге тараған. Сол сәтте ішінде 90 жастағы әжей болған. Артынша өрт негізгі тұрғын үйдің шатырына жайыла бастаған. Полиция жазғандай, өрт ошағы үлкен болса да, Жасұлан Нұрасылов бір сәт те кідірмей әрекет еткен.Ол қоршауды бұзып, отқа оранған үйдің ауласына кірген. Қалың түтінге толған жазғы асүйден ұйықтап жатқан әжейді тауып, қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін үйдегі өзге тұрғындарды оятып, олардың да дер кезінде эвакуациялануына көмектескен.
Полиция қызметкері оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырып, оттың таралмауына септігін тигізген. Алматы облысының полиция департаменті оның бұл әрекетін нағыз ерлік пен адамгершілік деп бағалады.