Өскеменнің экс-әкімі Жақсылық Омар апелляциялық сотта да жеңіліп қалды
Ол енді 6 жыл жазасын өтейді
Бүгін, 2026 жылдың 20 мамыры күні Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омардың ісін апелляция сатысында қарап, бірінші соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, Жақсылық Омар биыл сәуір айының басында пара алып, алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға сотталған еді.
ШҚО соттарының баспасөз қызметі еске салғандай, бірінші сатыдағы сот Жақсылық Омардың мүлкін тәркілей отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырған және алты жылға соттаған.
«Жәбірленуші мен қорғаушылар бұл жазамен келіспей, оны шамадан тыс қатал жаза деп санағандықтан, апелляциялық шағым түсірген болатын. Сонымен қатар, қорғаушылардың бірі сотталған адамның әрекеттерінің саралануына дау келтірді», - деп хабарлайды ШҚО соттары.
Бірақ, осы дүниелерді алға тартса да, екінші сатыдағы сот та Жақсылық Омарды кінәлі деп таныған.
«Сот алқасы бірінші сатыдағы сот сотталған адамның әрекеттерін дұрыс саралаған, ал жаза түрі мен мөлшері заң талаптарына қатаң сәйкестікте тағайындалған деген қорытындыға келді. Бұл ретте сот мемлекеттік биліктің беделіне және қоғамның оған деген сеніміне нұқсан келтіретін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының жоғары қоғамдық қауіпі ескерді. Алқа қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалды», - деп хабарлайды ШҚО соттарының баспасөз қызметі.