«Қылмыс әлемінің серкелері»: Алматыда бір топ жігіт Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарумен аса ауыр қылмыс жасаған (ВИДЕО)
Он адам қазір изоляторда отыр
Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының аумағында ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен он жігітті ұстап, оларды изоляторға қамады. Дереккөзге сүйенсек, олар «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған қарумен де қылмыс жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция он жігітті 8 мамыр күні ұстаған көрінеді. Он жігіттің арасында бұрын сотталған және қылмыс әлемінің серкелері де болған.
«Күдіктілер Алматы аумағында жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деп күдікке ілінді», - деп хабарлайды полиция.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, сот олардың үйін тінтуге 21 санкция берген.
«Күдіктілердің бірі бірнеше суық қаруды, оның ішінде шолақ мылтық пен оқ-дәрісі бар Калашников автоматын үйіне жасырған. Аталған қару қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған. Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлайды Қуандық Алпыс.