«Ниеттері болмаған»: Өскемендегі салық басқармасының қызметкері ірі жымқыру қылмысына қолғабыс еткен
Ол кәсіпкерлерге жалған құжат рәсімдеуге көмектескен
Қаржы мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы департаменті «Өскемен инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан бір топ тұлғаның заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеуге сүйенсек, ақша жымқыруға қатысты бұл қылмыс үш жыл бұрын басталған.
«2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау ниетінсіз, ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған. Бұл құжаттар арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын қоса алғанда, салық төлеуден заңсыз жалтарған. Аталған заңсыз схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқан. Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен», - деп хабарлайды ҚМА.
Осылайша, олар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, 356 млн теңге «табыс» тапқан. Ал, мемлекетке 91 млн теңге салық түспей қалған.
Сот күдіктілердің 3 пәтері мен бір көлігіне арест қойған. Ал, олардың қылмыстық ісін ҚМА сотқа жолдады.