Даркнетке 15 млн қазақстандықтың жеке мәліметтері тарап кеткен: министрлік ресми мәлімдеме жасады

Хакер 15 млн қазақстандықтың жеке мәліметтерін 32 мың долларға бағалаған

Даркнетке 15 млн қазақстандықтың жеке мәліметтері тарап кеткен: министрлік ресми мәлімдеме жасады
Фото: pixabay.com

Хакер даркнетте 15 миллион қазақстандыққа тиесілі деректерді жариялады. Бұл ел халқының шамамен төрттен үшіне тең. Деректерді сатушы базаны мемлекеттік eGov сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі мәліметке сүйенсек, shymzz13 лақап атымен тіркелген қолданушы файлды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Көлемі 2,7 гигабайт болатын базада төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері мен құпиясөздер қамтылған 47 миллион жол бар екені айтылған

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметіне сүйенсек, министрлік Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпараттан хабардар.

«Қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ. Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды. Техникалық тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалану.

Айта кетейік, осыған дейін eGov жеке кабинетіне кіру кезіндегі қауіпсіздік күмән тудырғанын Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы электронды үкіметте өзінің жеке кабинетінің орнына басқа біреудікіне кіріп кеткені туралы жарияланған.